Павлодарда 4 мың бейнебақылау камерасы орнатылады
Павлодарда келер жылы 4 мың бейнебақылау камерасы орнатылады. Бұл «Ақылды қала» жобасының аясында іске асады.
Өңір әкімі Асайын Байхановтың айтуынша, жаңа жылдан бастап облыс орталығындағы тозығы жеткен 70 трамвайдың 25-сі жаңартылады. Және келер жылдың наурыз айында екі «Жайлы мектеп» пайдалануға беріледі. Ертіспен өтетін жаңа көпір де салынып жатыр, - деді әкім.
Көмір шахталары, жылу электр станциялары мен мұнай өңдеу зауыты бар өндірісті аймақ өнеркәсіпті дамыту бойынша алда келеді. Инвестиция тарту жағынан республика бойынша екінші орында. Әсіресе ауыл шаруашылығына. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берген басшы өндірістен шығатын қалдықтарды жою мәселесінің де шешіліп жатқанын айтты.
Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі:
- Қоршаған ортаны қорғаудағы маңызды бағыттардың бірі – коммуналдық қалдықтармен жұмыс жасау. Бұған аймағымыздың алғашқы заманауи қоқыс сұрыптау кешенінің құрылысы көмектеседі. Жобаның инвесторы барлық құжаттарын әзірледі. Зауытты келесі жылдың соңына дейін іске қосу көзделген.