Хабар телеарнасы

Атырау облысында мемлекетке қайтарылған қаражатқа мектеп салынады

Мемлекетке қайтарылған 2 млрд теңге қайда жұмсалатыны белгілі болды. Үкімет шешімімен Атырау облысы Қызылқоға ауданы Жамансор ауылында 150 орындық мектеп салынады. Бұл заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы заң шеңберінде іске асып отыр.

Қазіргі кезде Жамансор ауылында 60 орынға бейімделген ғимаратта бастауыш мектеп қана жұмыс істейді. Ата-аналар 4-сыныпты бітіргеннен кейін оқушыларды 60 шақырым қашықтағы Мақат ауданы Доссор кентіндегі мектеп-интернатқа апаруға мәжбүр.

Жанаргүл Жұмағалиева, Жамансор бастауыш мектебінің директоры:

- 1 мен 4-тің арасында 37 оқушы бар. Мектепалды дайындық тобында 15 оқушы бар және 2 шағын тобымыз бар. Біз мына жаңалықты естіп, қуанып жатырмыз. Өте керемет жаңалық.

Алмагүл Аманова, Жамансор елді мекенінің тұрғыны:

- Балалардың 9 жылдық мектебі салынады, - деп жатқанының өзі біз үшін үлкен қуаныш. Іске асса, тұрғындардың атынан алғысымызды айтамыз.