Хабар телеарнасы

Қазақстанда төбет иттердің стандарты әзірленді

Бұл үшін арнайы жұмыс тобы құрылған болатын. Ғылыми жобаға генетиктер, кинологтар, төбет асыраушылар мен этнограф, археолог ғалымдар да қатысты. Бұл бастама таза қанды қазақы төбеттің тұқымын сақтап, көбейтуге бағытталған.

Төбет десе, көз алдымызға малды ауылда есіктің алдында жататын еңгезердей, алып тұлғалы ит елестейді. Иесіне адал, алдындағы отарына жауапты маңғаз төбеттің тұқымы қазір азайып барады, - дейді білетіндер. Қолда барының түсін түстеп, тегін түгендейтін уақыт жетті. Осы мақсатта мамандар төбеттің стандартты сипаттамасын әзірлепті.

Гүлжан Көленқызы, тілші:

- Таза қанды төбеттің басты белгілері басы үлкен, маңдайы кең, төбесі жазық, көздерінің арасы алшақ, тістері қайшыласа орналасқан болады. Ал тұмсығы жуан, ерні қалың болады. Сондай-ақ дене тұрқы аса биік емес. Керісінше созылыңқы болады. Бұл қазаққы төбеттің стандартты сипаттамасы. Ертеректе ата-бабаларымыз төбеттті байламай, еркіндікте ұстағандықтан, олар адамға агрессия көрсетпейді. Тіпті кинолог мамандар бұл тұқымның интелектісі жоғары екенін айтады.

Қазақы төбеттің тұқымын меншіктеу үшін сыртқы сипаттамалары аздық етеді. Себебі ұқсас иттер көп. Мәселен, кавказдық қасқыр тектес иттер қазақы төбетке өте ұқсас, - дейді зерттеушілер. Айырмашылығы сүйектерінің морфометриялық белгілеріне сараптама жасағанда ғана анықталады екен. Бұл – терең ғылыми зерттеулер нысаны. Жобаға қатысқан ғалымдар ерте кезеңдегі петроглифтардағы суреттерді, ежелгі тұрақтардың орны мен ауылдарды аралап, зерттеу жүргізген.

Ренато Сала, «Геоархеология» зертханасының аға ғылыми қызметкері / Италия:

- Мен үш жылдан бері Орталық Азиядағы әртүрлі ит тұқымдарының генетикасы мен шығу тегін зерттеп жүрмін. Олардың қатарында қазақтың төбеттері, тазы және моңғол банкары бар. Бірден айтайын, төбеттермен жұмыс істеу өте қиын, өйткені ақпарат өте аз. Себебі ертеде қазақтар төбеттен гөрі тазыға басымдық берген. Бірақ біз анықтай алған деректерге сүйенсек, қазіргі төбеттердің арғы тегі ерте неолит дәуірінен басталады деп айта аламыз.

Қазақстанда таза қанды төбеттердің саны жайлы нақты дерек жоқ. Себебі жүйелі жұмыс жүргізілмейді. Тіпті төбеттің бабын білетін мамандар да жоқтың қасы. Қолда бар төбетті көбейтудің де қиындығы бар, - дейді кинологтар. Иттің төрт атаға дейінгі тегі жазылған картаға сүйенбесе, еңбек зая кетуі мүмкін.  

Жақып Есболаев, «Қазақы ит тұқымдары» орталығының басқарушысы:

- Бәрінің қаны таза болғаны абзал. Ал егер оның қанында бөтен қандар қосылған жағдай болса, ол бізге қиыншылықтар туғызады. Өйткені табиғатты алдай алмайсыз, ар жағында қанында қандай бөтен қан отыр өсіріп, өңдеп, туғызып көбейткен кезде қайталап шығып отырады. Сондай қауіп бар.

Мамандар әзірлеген қазақы төбеттің стандарты Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің қарауына жіберілді. Сондай-ақ елімізде қазір қазақы ит тұқымдары питомнигі салынуда. Стандарт бекітілсе, таза қанды төбетті меншіктеп, сақтап, көбейтуге жол ашылады, - дейді мамандар.

Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев