Елбасы Түркістан қаласының құрылыс барысымен танысты
150 жобаның 102-сі биылғы жылдың еншісінде. Тұрғындар үшін қолайлы, туристер үшін тағылымды шаһарда қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
Бүгінгі Түркістан бұрынғы Түркістан емес. Мына кадрларға қарап, құрылыстың қарқынын аңғарасың. Бұл – тек үлкен істің бастауы. Меже белгілі. 2035 жылы мұнда 350 мың адам тұрады. Ал 2050 жылға қарай қала халқының саны жарты миллионға жетеді. Бұл әбден мүмкін. Себебі өткен бір жылдың өзінде облыс орталығына 20 мыңға жуық адам қоныс аударған.
Қазіргі құрылыстың негізгі өзегі – 30-ға жуық нысан. Әкімшілік-іскерлік және рухани-мәдени деп екіге бөлініп, құрылысы жүріп жатқан қос орталықтағы әрбір ғимарат қала тұрмысына қажет. Елбасы инфрақұрылымдық, туристік, әлеуметтік-мәдени нысандар құрылысының барысымен танысты.
Қала дамуының бағдары анық. Былтыр облыс орталығы ауысқан тұста бірден екі құжат қабылданған. Тұжырымдама мен арнаулы экономикалық аймақ құру туралы Жарлыққа сәйкес негізгі басымдық айқындалды. Барлығы 150 жоба дейтін болсақ, соның 102-сі биылғы жылдың еншісіндегі шаруа.
Бақтыбай Дүйсебеков, Түркістан облыстық Сәулет және қала құрылысы басқарма басшысының міндетін атқарушы:
- Өзіміз қойып отырған мақсат тек облыс деңгейінде емес, халықаралық деңгей деп отырмыз. Себебі оның тарихы Самарқандтан да, Ыстамбұлдан да кем емес. Мақсатымыз – халықаралық деңгейде қала жасау.
Расымен Түркістан – түркі әлемінің бойтұмары. Киелі шаһарды қайта түлету тәуелсіздік алғалы бері ойда жүрген дүние еді. Сабақты ине сәтімен. «Рухани жаңғыру» аясындағы Елбасының шешімі ұтқыр болды. Қаланың құрылысы енді бәсеңдемесі анық, алайда қарқынды құрылыс тарихи кескін-келбетке кірбің түсірмеуі тиіс.
Бақтыбай Дүйсебеков, Түркістан облыстық Сәулет және қала құрылысы басқарма басшысының міндетін атқарушы:
- Бірінші басымдық кесене болуы керек. Соның айналасында, соған жағдай жасайтын, тартып тұратын, соған қызмет жасайтын нысандар салынып жатыр.
Түркістан тарихымен құнды. «Әзірет Сұлтан» қорық-музейіне қарасты Күлтөбе қалашығындағы қазба жұмыстарының барысы Елбасына таныстырылды. Алтыннан, темірден, қоладан жасалған бұйымдар ІІ-ІІІ ғасырларға тән.
«Тамыры тереңде жатқан Түркістанның тарихы Күлтөбеден басталады» деп топшылайды мамандар. Қалашық орны тәуелсіздік алғанға дейін ескерусіз келді. Бертінде қомақты қаржы бөлініп, зерттеу жұмыстары басталды.
Бақытжан Әшірбеков, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру кеңсесінің жетекшісі:
– Түркістанның төңірегінде VI ғасырдың өзінде қала болған. Бұл жер бекерден Түркістан болып қалыптаспаған. Яғни бұл жердің ежелден халыққа жайлы, өзінің тарихи ортасы екені белгілі.
Қазір Қазақстанға сапарлайтын туристердің көбі Түркістанға аялдайды. Құрылыстың барысын ескерсек, туризмді түлетуге сеп болатын жобаларды есепке алсақ, келешекте киелі шаһарға бір жылда 5 млн саяхатшы келеді. Ол үшін қолайлы жағдай қажет. Ал жағдай әуежайдан басталады. Бұл іс қолға алынды. Бүгінгі күні халықаралық әуежай мен теміржолды байланыстыратын жол салынып жатыр. Сосын Түркістан жасыл желекке оранған қалаға айналады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
– Бүкіл түрік дүниесінің орталығы екені бәрімізге белгілі. Мына жердегі оңтүстіктегі ағайындар Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан барлығы қуанып жатыр. Өздеріңізге белгілі, Түркістанның 1500 жылдығын атап өтеміз деп біраз шаруаны жасаған болатынбыз, сонда осы алаңда кездесіп, сөйлестік. Сонда «Түркістан орталық болады» деп айтқан едім. Міне, қолға алынды.
Әр нысанды салу шешімі електен өткізілді, халыққа аса қажеттісі ескерілді әрі жаңа ғимараттардың құрылысына аймақтар атсалысып жатыр. Осылайша киелі Түркістанды түлетуге бүкіл үн қосып отыр.
Дархан Әбдуахит, тілші:
- Шығыстық үлгідегі шаһар. Туристік қала және заманауи мекен. Осы үштаған бір-біріне кедергі келтірмейді, керісінше бір-бірін толықтырып тұрады. Бас жоспарды әуел баста әзірлеген тұста осы талап ескерілді. Сосын бір жылдағы іс бекер емес, берекелі. Көбіне көп «Түрленген Түркістан» деген тіркес сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде айтылатын күн алыс емес.
Авторлары: Дархан Әбдуахит, Еділ Ермекбаев, Самат Қазанбай, Асхат Әзіретханов