Хабар телеарнасы

Жедел жәрдем мамандары жетіспейді

Қанша жерден идеологияң мен тәрбиең мықты болып, денсаулығың нашар, әлжуаз болсаң, бәрі бекер. Сол үшін де Елбасы Үкіметтің алдына халықтың медициналық көмектен тарықпауын тапсырды. Ілкімді істер атқарылуда. Алайда әлі күнге талай елді мекенде медициналық мекеме жоқ. Дәрігер тапшы, интернет тартылмаған, тағысын тағы. Мұның бәрін Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты. Тағы қандай мәселе көтерілді?

Бізде жаныңыз қысылғанда жаныңызға жетіп баратын жедел жәрдем мамандары әлі де жетіспейді. Дәл қазір сондай мың маман қажет. Әсіресе ауылды жерлерге. Неге? Өйткені жастар ауылға бара қоймайды. Барған күннің өзінде көп тұрақтамайды. Солай екен деп қарап жатқан министрлік жоқ. Жастарға үй беру жағын қарастыруда. Одан қалды 1 маусымнан бастап жалақысы аз дәрігерлердің табысы 30% көбейетінін де білесіз.

Енді учаскелік дәрігерлердің айлығын кезең-кезеңімен 20% дейін көбейтпек. Құба-құп дерсің. Өйткені маман тапшы болғандықтан, олар бір емес, екі жерде жұмыс істейді. Салдарынан бір учаскелік дәрігердің қарамағында екі мыңға жуық адам тіркеледі. Бұл әрине, нормадан көп. Жұмыс ауыр, жауапкершілігі жоғары, былайша айтқанда көтергені – алтын, жегені – жантақ, мұрнынан шаншылып жатады. Министр: «846 елді мекенде медициналық нысан жоқ», – деді.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Алдағы 3 жылда 100 млрд теңгеден астам сомаға жаңа 595 алғашқы медициналық көмек объектісін ашу жоспарланған. Сонымен қатар 228 нысан күрделі жөндеу мен 11 мыңнан астам медициналық техникамен қамтамасыз етіледі.

 

Кей өңірдегі медициналық нысандарда интернет жоқ

Денсаулық сақтау саласын «цифрландырайық» деп айтқанымызға біраз болды. Алайда көп өңір сөз жүзінде ғана есеп беріп келген. Министр айтып отыр. Кейбір өңірлерде заманауи техника түгілі интернет жоқ. Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында интернетпен қамту төмен. Осы кемшілікті Елжан Біртанов әкімдерге ескертті. Өңір басшылары: «Түзейміз», – деп отыр. Премьер-Министр Асқар Мамин Денсаулық сақтау министрлігіне бір ай ішінде іс-шаралардың жандандырылған жоспарын әкімдіктермен пысықтап, бекітуді тапсырды.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Біздің алдымыздағы басты міндеттердің бірі – медициналық-санитарлық көмек қолжетімді болу және оның сапасын жақсарту. Бұл халықтың денсаулығын жақсартып өмір сүруі мен сапасын арттырады. Осы міндеттерді іске асыру мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі және әкімдіктер келесі бағытта жұмыстар ұйымдастыру қажет. Біріншіден жаңа медициналық-санитарлық нысандарды ашу арқылы дәрігерлердің жүктемесін азайтуды қамтамасыз ету. Сонымен қатар бұл нысандар қажетті медициналық құралдармен қамтылуы қажет. Екіншіден жас мамандардың ауылдарда тұрақты жұмыс істеп, елді мекендерде қалуын қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік қолдау жұмыстарын қарастыруды тапсырамын.

 

Асқар Мамин: Ауыл шаруашылығы өнімінің экспорты кемінде 2,5 есе өсу керек

Асқар Мамин Үкіметтің алдында 2022 жылға дейін өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын кемінде 2,5 есе өсіру міндеті тұрғанын да ескертіп өтті. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Қазақстан осы айдан бастап Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттермен шекараға жақын жерлерде 32 ветеринариялық және фитосанитариялық бақылау пунктін орнатып жатқанын мәлімдеді.

Авторлары: Айбар Төлжанұлы, Аян Сәрсенбаев