ШҚО жастары «Цифрлық ауыл» жобасын іске асырды
Өміржан Мұқашев бастаған үш азамат мемлекеттік «Zhas project» бағдарламасы арқылы 1 млн теңге грант ұтып алған. Қазір Қызылкесік ауылында интернет қызметі дамып, тұрғындар 90 шақырымдағы аудан орталығына сабылмай-ақ көп шаруасын осында шешіп алады.
Қызылкесік ауылының тұрғыны Нұрлан Қазенов ақсақал мұнда мекенжай анықтамасын алу үшін бас сұғыпты. Іскер жігіттер керек қағазды «Электрондық үкімет» порталы арқылы лезде шығарып берді.
Нұрлан Қазенов, зейнеткер:
- Қазір балалар анау-мынау қағаздардың бәрін алып жатыр. Соны естіп, мен де келдім. Міне көзім жетті, 5 минуттың ішінде қағазымды қолыма алдым. Мынау жақсы болды, 3 жігітке алғысымды айтамын. Бұрын аудан орталығына барып, қаншама уақытымыз кетуші еді.
3 жыл ауылда бос жүрген Өміржан тағы екі досымен бірігіп «Цифрлық ауыл» жобасын жасапты. Мақсаты – шалғай ауылдағы интернет қызметін дамыту. Өйткені бұған дейін жұрт мектеп пен әкімдікті жағалайтын. Ол жақта да жылдамдық шектеулі. Енді қазір интернет арқылы ауыл тұрғындарына қызметтің 24 түрін тегін көрсетіп отыр.
Өміржан Мұқашев, жоба жетекшісі:
- Болашақ жоспар – осы интернет қызметін ары қарай кеңейту. Бір нүкте емес, бүкіл ауылда ұстайтындай етіп кеңітсек деген ойымыз бар. Сондай-ақ фотосалон сияқты қосымша тағы да кәсіп түрін ашсақ дейміз. Жастар жылынан көп үміт күтіп отырмын. Бізді де қолдайтынына сенемін.
Ауданның жас кәсіпкерлері «Zhas project» бағдарламасы бойынша төрт жобаны жеңіп алып, кәсіптерін дөңгелетіп жатыр. Биыл тағы 12 жоба дайын тұр екен. Оларды да жүзеге асыруға атқарушы билік өкілдері жан-жақты қолдау білдірмек.
Авторлары: Болат Көкенайұлы, Анатолий Тернов, Берік Жобалайұлы