Хабар телеарнасы

Ұлттық Банк теңге күніне арнап көрме өткізіп жатыр

Алматыда Ұлттық валюта күніне орай теңге банкноталары мен монеталарының көрмесі ашылды. Ұйымдастырушысы – Ұлттық Банк келушілерді жаңа банкноталар сериясымен таныстырды. Оған қоса, көрмеге монеталардың бірнеше түрі қойылды. Биыл Ұлттық валютаға – 31 жыл.

Ұлттық Банк банкноталардың жаңа сериясын кезең-кезеңімен шығара бастады. Жаңа серия «Сақ стилі» деп аталады. Алғашқы номиналы 5 мың теңге былтыр шыққан. Ал биыл айналымға 10 мың теңге қосылды.  «Сақ стилі» жобасының бас дизайнері Санжар Нұрқасымовтың айтуынша, бұл жұмыстар еліміздің мәдени құндылықтары мен тарихын дәріптеуді көздейді. Оған қоса, теңгенің қорғау дәрежесін арттыруға арналған.

Санжар Нұрқасымов, «Сақ стилі» жобасының бас дизайнері:

- 500 теңгеден бастап 20 мыңдық банкнотқа дейін біртұтас серия болып саналады. Әрбір номиналға бір-бір жануар. Олардың прототиптері болады. Сол көне қорғандардан табылған артефактілер.

Жыл соңына дейін «Сақ стилінде» жасалған 2 мың теңге айналымға шығады. Қалғаны алдағы екі жыл ішінде біртіндеп енгізіледі. Ескі банкноталар жаңа дизайндағы ақшалармен айналымда қатар жүре береді. Оны «Қазпошта» мен екінші деңгейлі банктер арқылы 3 жыл ішінде ауыстырып алуға болады. Ұлттық Банк филиалдарында ауыстыруға шекті мерзім жоқ.

Дана Мағауина, ҚР Ұлттық Банкі Қолма-қол ақша айналысы департаментінің маркетологі:

- Көрмені Тәуелсіздік нышаны саналатын Ұлттық валюта күніне арнап отырмыз. Мұнда жаңа үлгідегі банкноталарды қойдық. Төл теңгеміздің тарихынан хабар беретін көрнекі құралдар ұсынып отырмыз. Бейнероликтер көрсетіледі. Онда теңгенің қорғаныш қабаты туралы ақпарат айтылады. «Сақ стилі» жайында көптеген мағлұмат бар.

Көрмеге келушілер жаңа үлгідегі банкноталар топтамасын қызыға тамашалады. Ал коллекциялық, инвестициялық, циркуляциялық монеталарға қашан да сұраныс жоғары. Көрме 22 қарашаға дейін жалғасады.  

Қарлығаш Қайыпбекова, Кенже Амраев