Хабар телеарнасы

21 жастағы қазақстандық Кореядағы ірі зауыттың мәселесін шешті

21 жастағы Әлішер Садықов Оңтүстік Кореяда өткен байқауында жеңімпаз атанды. Оның жұмысы 45 жұмыстың ішінде ең үздік деп танылды. Ірі корпорациялардың бірі үшін ол болат шыбықтар өндірісіндегі ақауларды анықтайтын жүйені ойлап тапты. Компания бұл идеяны бірнеше айдан кейін жүзеге асырмақшы.

Әлішер қазір Вусонг университетінің Жасанды интеллект және үлкен деректерді талдау факультетінің 3 курс студенті. Жас талант Астанадағы Республикалық физика-математика мектебінің үздік тамамдаған. Өзі көпбалалы отбасынан шыққан. Оның Оңтүстік Кореяда оқитын егіз ағасы және екі әпкесі бар. Ал әке-шешесі қазақ ұлттық киімдерінің дизайнерлері. Жұрт тамсанған студент әзір қайда және кім болып жұмыс істейтінін шешкен жоқ. Бірақ жаһандық жобалар байқауында жетістікке жеткеннен кейін оған ұсыныстар көбейген.

Әлішер Садықов, Вусонг университетінің студенті:

- Қазақстандық компания өкілі атам арқылы маған жұмыс ұсынды. Көрерміз, әлі де бір жыл оқуым бар. Профессорларым  жақында Түркістанда ашылатын университетіміздің бөліміне жұмысқа шақырды

Ли Им Гон, Вусонг университеті факультетінің деканы:

- Қазақстандық студенттер алғыр әрі зеректігімен ерекшеленеді. Жазғытұры біз IT университетіміздің бөлімшесін Түркістан облысында ашу жөнінде Қазақстан тарапымен Меморандумға қол қойғанбыз. Жоспар бойынша онда тек қана қазақстандықтар емес, сонымен қатар Орталық Азия елдерінен де студенттер қабылданады.