Хабар телеарнасы

«Жетi күн». Ұлы Жеңіске 70 жыл. Отан қорғаушы күні

ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ КЕЗІНДЕ ҚАЗАҚ ЖАУЫНГЕРЛЕРІ ЕРЛІКТІҢ ЕРЕН ҮЛГІСІН КӨРСЕТТІ.

БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ, ҚАСЫМ ҚАЙСЕНОВ, РАХЫМЖАН ҚОШҚАРБАЕВ, ӘЛИЯ МОЛДАҒҰЛОВА СИЯҚТЫ ХАС БАТЫРЛАРЫМЫЗДЫҢ ҚАҺАРМАНДЫҒЫ АҢЫЗҒА АЙНАЛДЫ.  БАРЛЫҒЫ БЕС ЖҮЗГЕ ЖУЫҚ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ БАТЫРЫ АТАНДЫ. АШАРШЫЛЫҚ ПЕН ҚУҒЫН-СҮРГІННЕН ҚАТАРЫ СИРЕП, ҚАЙҒЫ ЖҰТЫП ОТЫРҒАН ҚАЗАҚ ЖҰРТЫНА БҰЛ СОҒЫС АУЫР ТИДІ. ТЫЛДАҒЫ ХАЛЫҚ ТА КҮНІ-ТҮНІ ЕҢБЕК ЕТТІ. ЗҰЛМАТ ЖЫЛДАРЫ ЖАУҒА АТЫЛҒАН ОН ОҚТЫҢ ТОҒЫЗЫ ҚАЗАҚСТАНДА ЖАСАЛҒАН БОЛАТЫН. ОТАН ҮШІН ОТҚА ТҮСІП, ЖАНЫН ПИДА ҚЫЛҒАН БОЗДАҚТАРДЫ ЕСКЕ АЛЫП, КӨЗІ ТІРІ АРДАГЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТУ – КЕЙІНГІ ҰРПАҚТЫҢ ҚАСИЕТТІ ПАРЫЗЫ. БІЗДІҢ ПАРЫЗЫМЫЗ!

 

ҮЛКЕН ЖҰМЫС БАСТАЛДЫ. ПРЕЗИДЕНТ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВТЫҢ ТӨРАҒАЛЫҒЫМЕН ӨТКЕН ҮКІМЕТТІҢ КЕҢЕЙТІЛГЕН ОТЫРЫСЫНДА БЕС ИНСТИТУЦИОНАЛДЫҚ РЕФОРМАНЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДЫҢ ЖАЙЫ ҚАРАЛДЫ. «АЛДА ТҰРҒАН ІС АУҚЫМДЫ, АЛАЙДА УАҚЫТ ТЫҒЫЗ. АТҚАРУШЫ БИЛІКТІҢ СЫНАЛАР СӘТІ ОСЫ», – ДЕДІ ЕЛБАСЫ. САЙЛАУДАН КЕЙІН ҮКІМЕТТІҢ БҰРЫНҒЫ МҮШЕЛЕРІНІҢ ҚЫЗМЕТТЕРІНЕ ҚАЙТА ТАҒАЙЫНДАЛУЫ БЕКЕР ЕМЕС, БҰЛ ТАПСЫРМАЛАРДЫ ТЕЗ ОРЫНДАУҒА МҮМКІНДІК БЕРЕДІ. БЕС РЕФОРМАНЫ ОРЫНДАУДЫҢ «100 НАҚТЫ ҚАДАМЫ» БАР. ЕҢ ӘУЕЛІ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ЖҮЙЕСІ ЖЕТІЛДІРІЛЕДІ. ЖҰМЫСТЫҢ НӘТИЖЕСІНЕ ҚАРАЙ ЖАЛАҚЫ ТӨЛЕНЕДІ. СОТ ЖҮЙЕСІНДЕ ДЕ ӨЗГЕРІСТЕР БОЛМАҚ. МАМАНДАРДЫ ІРІКТЕУ ТАЛАБЫ КҮШЕЙТІЛЕДІ. СОНЫМЕН ҚАТАР ПРЕЗИДЕНТ ЭКСПОРТТЫҚ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БРЕНДТЕРДІ ЖАСАУДЫ, ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІН ҚҰРУДЫ, «ҮЛКЕН ЕЛ – ҮЛКЕН ОТБАСЫ» ЖОБАСЫН БАСТАУДЫ ТАПСЫРДЫ. БҰЛАРДЫҢ МӘНІ ҚАНДАЙ? «ЖЕТІ КҮН» ТІЛШІСІ ЭЛЬДАР БАҚПАЕВТЫҢ САРАПТАМАСЫ.

 

5 институттық реформа – Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлауалды тұғырнамасы. Жаңғырудың, жаңаша дамудың жобасы. Халықтың мүддесі, тілегі ескеріліп түзілген. Сондықтан елі Елбасының бағдарламасын бір кісідей қолдады. Президент болса, кідірген жоқ. Бірден оны орындауға кірісті. 

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті 

- Ортақ жеңісімізді жеңістен жеңіске ұластыру үшін өте үлкен жұмыс керек. Біз халықтың, биліктің  психологиясын өзгертейік деп отырымыз. Ол оңай емес.

 

Елбасының қолындағы бұл құжат «100 қадам» деп аталады. Бағдарламада көрсетілген 5 сала осы жоспар бойынша дамиды. Яғни әр бағытқа нақты жиырма жаңалық енгізіледі. «Жұмыс ауқымды. Уақыт тығыз. Сондықтан атқарушы биліктің сыналатын сәті осы», – деді Президент.

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті 

- Сондықтан осы жұмысты істеу сендерге тапсырылады. Осы жұмыс барысында кімнің қалай екенін, жұмысты істей алатынын не істей алмайтынын көретін боламыз. Барлығыңды тағайындап, өз қызметтеріңде қалдырғаным сондықтан. Жұмысты білесіздер. 

 

Енді бағдарламаның тармақтарына жеке тоқталсақ. Әуелі мемлекеттік аппаратты реформалау көзделіп отыр. Сала қызметкерлері жаңа тест жүйесі арқылы іріктелетін болады. Жалақылары болса, жұмыс нәтижесіне қарай төленеді. Қарым-қабілеті, тәжірибесі мол мамандардың еңбекте жоғарылауына жағдай жасалады. 

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті 

- Мы должны перейти на карьерную модель государственной службы, отбирать на государственные должности только самых честных, талантливых, подготовленных граждан. Мы должны сформировать профессиональный аппарат государственных служащих с конкурентной заработной платой, которая будет зависеть от результатов работы. 

 

Реформалар сот жүйесінде де жүзеге асырылады. Елбасы: «Бірінші кезекте сала мамандарын іріктеудің талабын күшейту керек», – деді.  

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті 

- Человек должен отработать именно судьей, а не полицейским или адвокатом и пройти испытательный срок 2-3 года и в испытательном сроке будет 10 человек, из них 3 могут пройти, судьей чтобы стать, у нас такого сегодня нет, берем и назначаем. 

 

Түйіндеп айтқанда, соттардың туралығына деген сенімді арттыру маңызды.  Қарапайым халық қана емес, әділ сот төрелігі инвесторлар мен бизнес үшін де қолжетімді болуы шарт. «Ал қоғамдағы ұсақ қылмыстарды біз мүлде болдырмауға талпынуымыз керек», – деді Елбасы. Бұл мақсатта Президент жергілікті полиция қызметін құруды ұсынды.

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті 

- Она будет отвечать за охрану общественного порядка, противодействие бытовой преступности и деятельность дорожно-патрульной службы. Именно эта служба в тесном сотрудничестве с местным сообществом должна обеспечить режим «нулевой терпимости» к мелким правонарушениям.

 

Үшіншісі – экономиканы әртараптандыру. Өңдеу өнеркәсібіне екпін беріледі. Саланы инновациямен ұштастыру мақсат. Инвестициялар және даму министрлігі жақын жылдары экспорттық әлеуеті жоғары кемінде 3-4 қазақстандық бренд жасауы тиіс. Отандық экономикаға кемінде 10 ірі шетелдік инвесторларды тартуға міндетті. Әсіресе ауыл шаруашылығы саласына басымдық берілуі керек. Жақында жүргізілген инвентеризация жұмыстары  9 млн. гектар жердің пайдаланылмай, бос жатқанын көрсеткен. Президент: «Оларды кәдеге жарататын қолға беру керек», – деді. 

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті 

- Вот в Синдзянь-Уйгурском районе я как-то был, посещал, ходил в село, вот выращивают мандарины. Всего каждому дается, допустим, 20 соток, если я произвел условно 100 центнеров в этом году, на такой же земле сосед произвел 50 центнеров, эта земля передается успешному соседу, и представьте себе, как они стараются при этом. Потому что земля кормилица у них и у нас также должно быть.

 

Төртінші бағыт – бірыңғай ұлттың болашағы. «Ел азаматтарын топтастыратын идея «Мәңгілік ел» болуы керек», – деді Президент.  Бұл үшін мәдениетті  арқау ете отырып, ұлттық құндылықтар ұдайы дәріптелуі тиіс. Бұл тұста Нұрсұлтан Назарбаев «Үлкен ел – үлкен отбасы» бастауды ұсынды. 

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті 

- Особенно важно укреплять национальные ценности, патриотизм, сознание подрастающее поколение. Вот насчет патриотизма с идеологической стороны слобавато. Здесь нам надо пороботать. Культура в этом вопросе может сыграть большую роль. Мы должны обращятса молодежу на понятном  языке. Культурной инфраструктура  станет доступной для всех казахстанцев. Школьные стандарты надо подумать, как внедрит Мәңгілік ел. В результате наши Казақстанцы чувствовали себя  гражданами единой страны.

 

Бесінші тармақ – алғашқы төрт бағыттың түйіні десе болады.  Транспарентті және халыққа есеп беретін мемлекет құру мақсат. Нұрсұлтан Назарбаев бұл үшін мемлекеттік басқару жүйесі мейлінше жинақы болуы керектігін айтты.  

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті 

- Необходимо сократить количество государственных программ, отраслевые вообще убрать. Важные моменты отраслевых программ предлагается включить в стратегические планы и заниматься конкретными большими вопросами. Будет законодательно закреплен доступ к публичной информации. Госорганы будут регулярно отчитываться перед населением. 

 

Президент Үкімет мүшелерінің әрқайсысына нақты тапсырма берді. «Транспорт, туризм, мәдениет салаларының тамырына қан жүгірту керек», – деді. Ғылымды коммерцияландыру туралы заң әзірлеу қажет. Кедендік, рұқсат беру тәртіптері жеңілдетілуі тиіс. Және мүлікті заңдастыру жұмыстарын аяқтау маңызды. Үкімет маусым айының соңына дейін осы мәселелерді қамти отырып, 5 халықтық реформаны жүзеге асыруға қатысты ұсынысын әзірлеуге міндетті.

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті 

-Көріп отырсыздар, өте ауқымды жұмыс үлкен, білімді қажет ететін жұмыс. Бірақ біздің елімізді бұрын-соңды болмаған жаңа сатыға көтереді, өзіміздің алдымызда да, басқа елдердің алдында да. Барлық мемлекеттер анау күнгі сайлауды бақылап көрген, халықтың бірлігін көргенін, көңіл-күйін көргенін, не істер екен деп, қалай болар екен деп, күтіп отыр барлығы. Ел де күтіп отыр. Сондықтан сол халықтың ойлаған ойынан шығатын болайық. 

 

Сонымен жаз бойы тиісті заңдар әзірленеді. Күзде Парламент оларды бекітуі керек. Ал жаңа жылдан бастап  реформалар толыққанды жүзеге аса бастайды. 

 

Авторлары: Бауыржан Бақытбекұлы, Айдос Меделбек, Өмірбек Ізімов, Хасен Омарқұлов, Алмас Омарғалиев

 

ОСЫ АПТАДА ЕЛІМІЗГЕ ҚЫТАЙ ХАЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ СИ ЦЗИНЬПИН МЕМЛЕКЕТТІК САПАРМЕН КЕЛДІ. АҚОРДАДА МӘРТЕБЕЛІ МЕЙМАНДЫ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ ҚАРСЫ АЛДЫ. КЕЛІССӨЗДЕР БАРЫСЫНДА МЕМЛЕКЕТТЕР БАСШЫЛАРЫ ЕКІ ЖАҚТЫ ЖӘНЕ КӨПЖАҚТЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТАЛҚЫЛАДЫ. АЙМАҚТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ЖАҒДАЙЛАРЫНА, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМДАР АЯСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТЫҢ НЫҒАЮЫНА, САУДА-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТЫҢ ДАМУЫНА АЙРЫҚША КӨҢІЛ БӨЛІНДІ. НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ ПЕН СИ ЦЗИНЬПИН БІРІККЕН ҰЛТТАР ҰЙЫМЫ, ШАНХАЙ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ҰЙЫМЫ, ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚ СИЯҚТЫ ТҮРЛІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМДАР МЕН БАСҚА ДА КӨПЖАҚТЫ ҚҰРЫЛЫМДАР АЯСЫНДАҒЫ ІС-ШАРАЛАРДЫҢ БАСТЫ БАҒЫТТАРЫН ӘҢГІМЕ ӨЗЕГІНЕ АЙНАЛДЫРДЫ. ЕЛБАСЫ ҚЫТАЙ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ЕЛІМІЗДЕГІ ПРЕЗИДЕНТТІК САЙЛАУДАН КЕЙІН ҚАЗАҚСТАНҒА КЕЛГЕН БІРІНШІ ШЕТЕЛДІК МЕМЛЕКЕТТІҢ КӨШБАСШЫСЫ БОЛЫП ОТЫРҒАНЫНА НАЗАР АУДАРДЫ. 

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті 

- Құрметті Төраға! Осымен сіз біздің қарым-қатынасымыздың жоғары дәрежеде, айрықша мәртебеде екенін дәлелдеп отырсыз. Сіз мені телефон арқылы құттықтадыңыз, жеделхат жолдадыңыз, енді міне келіссөздер өткізуге келдіңіз. Біз мұны жоғары бағалаймыз, Қытай Халық республикасымен тату-тәтті көршілік байланысты қолдау – біздің еліміздің сыртқы саясаттағы басым бағыттарымыздың бірі. Біздің елдер арасында осы достық қатынас жалғасып келеді. Қазақстанның Тәуелсіздігі жарияланысымен біз Қытай Халық Республикасымен тығыз байланысып келеміз. Осы кезде үлкен жолдан өттік, сенімді серік, экономикалық, саяси әріптес болып нығайдық. Біздің арамызда Қазақстан-Қытай достығын әрі қарай өте қарқынды дамытуға арналған жаңа жобаларамыз бар. 

 

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев Си Цзиньпиннің биыл,  2-3 қыркүйекте Қытайға сапармен келу және Бейжіңде өтетін Жеңістің 70 жылдық мерейтойына қатысу жөніндегі шақыруын ризашылықпен қабыл алды. Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин Нұрсұлтан Назарбаевқа жылы қабылдауы үшін алғыс айтып, Президент лауазымына қайта сайлануымен құттықтады. «Қазақстан халқы Сіздің басшылығыңызбен ұйыса түсіп, мемлекет құрылысы мен ұлттық жаңғыру ісінде жаңа, жарқын табыстарға жету үшін бірлесе күш-жігер жұмсайтынына сенімдімін», – деді Си Цзиньпин. 

 

Си Цзиньпин, Қытай Халық Республикасының Төрағасы  

- Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіз біздің үлкен досымызсыз. Сізбен кездескенімізге қуаныштымын. Қытай халқы және өзімнің атымнан Президент болып қайта сайлануыңызбен құттықтауға рұқсат етіңіз. Менің сапарым Сізді құттықтауға деген құлшынысымды көрсетеді. Соңғы кезде біздің елдеріміз де қатынастың жаңа мүмкіндігіне қол жеткізгенін атап өтейін. Біздің мемлекеттеріміз тұрақтылық пен тыныштықты ту еткен байланысты дамыта береріне сенім білдіремін.  Біздің елдеріміз өңірдің дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету ісінде маңызды, сындарлы күшке айналды. Қытай тарапы Қазақстанмен қарым-қатынасты дамытуға зор мән береді. Біз Қазақстанмен бірлесе отырып, өзара мүдделілік бар негізгі мәселелер бойынша өзара қолдауды күшейту үшін бар күшімізді жұмылдыруға дайынбыз. 

 

АҚОРДАДА ЕЛБАСЫ «ШЕЛЛ» КОНЦЕРНІНІҢ АТҚАРУШЫ БАС ДИРЕКТОРЫ БЕН ВАН БЕРДЕНДІ ДЕ ҚАБЫЛДАДЫ. КЕЗДЕСУДЕ КОМПАНИЯНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖҰМЫСЫ ЖӘНЕ ЕЛІМІЗДІҢ МҰНАЙ-ГАЗ САЛАСЫН ДАМЫТУҒА ҚАТЫСУЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ. ПРЕЗИДЕНТ КОНЦЕРННІҢ «БИ ДЖИ ГРУПП» КОМПАНИЯСЫМЕН БІРІГУІ ЖОСПАРЛАНЫП ОТЫРҒАНЫНА НАЗАР АУДАРДЫ. ЖӘНЕ БҰЛ ӨЗГЕРІС ҚАШАҒАН КЕНІШІН ИГЕРУ ЖОБАСЫНДА МАҢЫЗДЫ РӨЛ АРТҚАРАТЫН «ШЕЛЛ» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ЖҰМЫСЫНА ОҢ ЫҚПАЛ ЕТЕДІ ДЕГЕН СЕНІМІН БІЛДІРДІ. БЕН ВАН БЕРДЕН НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВТЫ САЙЛАУДАҒЫ ЖЕҢІСІМЕН ҚҰТТЫҚТАП, ГОЛЛАНДИЯДАН ӘКЕЛІНГЕН «ПРЕЗИДЕНТ НАЗАРБАЕВ» СОРТТЫ ҚЫЗҒАЛДАҚ ГҮЛІН СЫЙЛАДЫ.  

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті 

- В апреле мы услышали о большом слиянии вашей компании с «Би Джи». Приветствую ваш приезд, очень приятно встретиться. Я хотел бы услышать от вас более полную информацию об этом большом слиянии, которое повлияет на нефтегазовый комплекс в целом. 

 

Бен Ван Берден, «Шелл» концернінің атқарушы бас директоры 

- Президент мырзамен өте нәтижелі кездесу өтті. Мен  сайлау қорытындысы Елбасы жүргізіп отырған саясатты халық қолдайтындығының белгісі екенін айтып, Мемлекет басшысын саяси додадағы жеңісімен құттықтадым. Нұрсұлтан Назарбаевтың жоғарғы лауазымға қайта сайлануы мемлекеттің дамуы үшін ғана емес,  инвесторлар үшін де өте маңызды болғанын айтқым келеді. Сондай-ақ кездесуде мен Президентке «Би Джи Групп» компаниясымен бірігу арқылы біз Қазақстандағы міндетімізді мінсіз орындауға барымызды салатынымызды жеткіздім. 

 

ЕЛБАСЫ МӘСКЕУДЕ ЖОҒАРЫ ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КЕҢЕСТІҢ ОТЫРЫСЫНА ҚАТЫСТЫ. АЙТА КЕТЕЙІК, КЕШЕ ЕУРАЗИЯЛЫҚ ОДАҚ ТУРАЛЫ ШАРТҚА ҚЫРҒЫЗСТАН ҚОСЫЛДЫ. ЖИЫНДА НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ ИНТЕГРАЦИЯЛЫҚ БІРЛЕСТІК МЕМЛЕКЕТТЕРДІ ДАҒДАРЫСТЫҢ КҮРДЕЛІ ЖАҒДАЙЫНДА НЫҒАЙТУҒА ҚАБІЛЕТТІ ЕКЕНІНЕ СЕНІМ БІЛДІРДІ. БҮГІНГІ КҮНІ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҰЙЫМҒА ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ ТАНЫТЫП ОТЫРҒАН БІРҚАТАР ЕЛДЕР БАР. СӨЗІМЕ ДӘЛЕЛ БОЛСЫН, ЖАҚЫНДА ОДАҚ ПЕН ВЬЕТНАМ АРАСЫНДА ЕРКІН САУДА АЙМАҒЫ ТУРАЛЫ БІРІНШІ КЕЛІСІМГЕ ҚОЛ ҚОЮ ЖОСПАРЛАНЫП ОТЫР. СОНДАЙ-АҚ ҚАЗАҚСТАН ПРЕЗИДЕНТІ ТМД МЕМЛЕКЕТТЕРІ БАСШЫЛАРЫНЫҢ БЕЙРЕСМИ САММИТІНДЕ СӨЗ СӨЙЛЕП, СОҒЫСТАН САБАҚ АЛМАҒАНДАР ДА БАР. «ЖЕҢІС ТУРАЛЫ АҚИҚАТТЫ БІРЛЕСІП САҚТАУ КЕРЕК», – ДЕДІ. НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВТЫҢ ПРЕЗИДЕНТ ЛАУАЗЫМЫНА САЙЛАНҒАННАН КЕЙІНГІ АЛҒАШҚЫ РЕСМИ САПАРЫ ЖАЙЫНДА ӘРІПТЕСІМ ДАРХАН ӘБДУАХИТ ӘҢГІМЕЛЕЙДІ.

 

ТМД мемлекеттері басшылары бейресми жағдайда бас қосып отыр. Әрі кездесу Жеңістің 70 жылдығымен тұспа-тұс келді. Сондықтан саммиттің күн тәртібі әдеттегіден жеңілдетілген. Бұл күні президенттер тыныштық, татулық туралы көбірек ой толғады. 

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті 

- В трагические годы войны наши народы единым целым встали перед нацистской угрозой. Именно на наши страны легло основное бремя. Наши отцы и деды победили, если бы они это не сделали, не известно в каком направлении потекла бы политика, экономика и где бы мы находились и наши народы. Как и все страны, главы которых находятся здесь, Казахстан внес весомый вклад в Великую Победу. Фактически, 20% населения страны того периода, полтора миллиона человек, ушло на поля сражения, из которых вернулась только половина.

 

Бүгінгі күн – кешегі күннің шәкірті. Елбасының айтпағы осы. «Бейбіт күнді, тұрақтылықты бағалайық», – деді Президент. Қазір өңірдегі тыныштыққа төнуі мүмкін қауіптер бар. Мысал ретінде халықаралық терроризмді атауға болады. Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев ТМД-ның лаңкестікке қарсы құрылған кешенді шараларын жетілдіруді ұсынды. 

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті 

- Под угрозой находится внутриполитическая стабильность и мирное развитие многих государств. Противостоять этому злу можно только нашими совместными усилиями. В настоящее время в рамках СНГ создана комплексная организационная система противодействия терроризму. В этой связи возникает необходимость в повышении эффективности созданных нами инструментов Содружества.

 

Кездесудің басым бөлігі жабық есік жағдайында өтті. Белгілісі, мемлекеттер басшылары діни, нәсілдік кемсітушілікпен күресті күшейтуге келісті. Нақтыланған тағы бір мәселе бар. Саммиттің келесі отырысы Астанада өтеді. ТМД елдері басшыларын біздің ел биыл күзде қабылдайтын болды. Айта кететін жайт, бұл Нұрсұлтан Назарбаевтың Президент лауазымына сайланғаннан кейінгі алғашқы ресми сапары.  Ұйымдастырушы ел, Ресейдің басшысы, барлық әріптестерінің атынан Елбасын саяси науқандағы сенімді жеңісімен құттықтады.

 

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті 

- Хотел бы, пользуясь, случаем поздравить Нурсултана Назарбаева с переизбранием на пост Президента Казахстана. Хотел бы выразить надежду на то, что между Казахстаном и Россией будут активно развиваться отношения, так как это было в последние годы. 

 

Ал бұл Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы. Одақ ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істеуде. Күні бүгінге дейін тең құқылы мүшелері төртеу-тін. Қазақстан, Ресей, Беларусь және Армения. Осы жолғы кездесуде Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғызстан елі қосылды. 

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті 

- Прошел год с даты подписания договора и сегодня знаменательны день, когда мы проводим первое заседание ЕАЭС. Уверен, что интеграционное объединение, основанное на принципах, которые мы с вами провозгласили, это равенство, учет интересов, прагматизм, поэтапность, способно укрепить наши государтва, экономики, в этих не простых условиях мирового кризиса. Таким образом, все вопросы, которые вызывали сомнения, сняты, и мы сегодня принимаем документ о полноценном принятия кыргызской стороны в наш союз, с чем я вас поздравляю.

 

Еуразиялық ықпалдастық өз тиімділігін көрсетті. Интеграциялық процестер басталғалы одақтас елдердің  өзара сауда айналымы шамамен 20 млрд долларға артқан. Алыс-берістегі шикізаттың көлемі осы аралықта 40-тан 29 пайызға дейін төмендеді. Мұндай көрсеткіштер өзге елдердің қызығушылығын тудыруда. Одақпен еркін сауда аймағын құруға Вьетнам, Үндістан, Қытай, Түркия бастаған бірнеше ел ниетті. 

 

Кеш болса да, тек емес. Президенттер басқосу қорытындысы бойынша бас-аяғы 19 құжатқа қол қойды. Тараптар нақты сектордағы ынтымақтастықты тереңдетуге, іскерлік климатты жақсартуға, одақ аясындағы қазыналық, кедендік тәртіптерді біріздендіру жұмыстарын жылдамдатуға келісті. Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың өзге ұйымдармен және мемлекеттермен серіктестігін жолға қоюға басымдық берілмек. 

 

Астана уақыты бойынша түн жарымда Нұрсұлтан Назарбаев Кремльде ресейлік әріптесімен кездесті. Екеуара әңгіме өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі бірқатар өзекті мәселелер төңірегінде өрбіді. Кездесу барысында Президенттер  екіжақты  байланысты одан әрі нығайту мәселесіне көңіл бөлді. Әсіресе сауда-экономика, отын-энергетика, ғарыш және мәдени-гуманитарлық салалардағы ықпалдастықты тереңдету көзделіп отыр. 

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті 

- Мы вместе работаем больше 15 лет, за эти годы укрепились отношения Казахстана с Россией. Мы с вами подписали Договор о добрососедстве и союзничестве в XXI веке, в рамках которого находят решение многие вопросы. Мы создали Евразийский экономический союз. Несмотря на то, что в условиях мирового кризиса торговля между нашими государствами «проседает», считаю, что ЕАЭС имеет большие перспективы. 

 

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті 

- Бүгінде біздердің қолға алған шараларымыз, экономикалық одағымызды дамытуға арналған қосымша қадамдарымыздың дені – Сіздің еңбегіңіз. Сіздің Кеден Одағын, кейін Еуразиялық экономикалық одақты құру туралы бастама көтеріп, сөйлеген кезіңіз менің көз алдымда. Ең бастысы, Қазақстанның дамуына қатысты және интеграциялық үдерістерді тереңдетуге байланысты сіздің бастамаларыңыз нәтижелі жүзеге асып жатыр.  

 

Өзара ынтымақтастықты күшейту мәселелерін Нұрсұлтан Назарбаев Египет Президенті Әбдел Фаттах ас-Сисимен және Вьетнам Президенті Чыонг Тан Шангпен де талқылады. 

 

Авторлары: Бауыржан Бақытбекұлы, Еділ Ермекбаев, Хасен Омарқұлов, Алмас Омарғалиев және Руслан Жәкеев

 

БҮГІН МӘСКЕУДЕ ҚАЗАҚСТАН ПРЕЗИДЕНТІ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНДАҒЫ ЖЕҢІСТІҢ 70 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ӘСКЕРИ ПАРАДТЫ ТАМАШАЛАДЫ. РЕСЕЙ АСТАНАСЫНА 30-ДАН АСТАМ ЕЛДІҢ БАСШЫЛАРЫ МЕН БІРҚАТАР ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМДАРДЫҢ ЖЕТЕКШІЛЕРІ КЕЛДІ. ШЕРУГЕ 16 МЫҢНАН АСТАМ ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТШІ, 200-ГЕ ЖУЫҚ ҚҰРЛЫҚ ТЕХНИКАСЫ МЕН 143 ҰШАҚ ПЕН ТІКҰШАҚ ҚАТЫСТЫ. МӘСКЕУДЕН БАУЫРЖАН БАҚЫТБЕКҰЛЫ ХАБАРЛАЙДЫ.

 

Айтулы датаға орай Мәскеудің келбеті айтарлықтай өзгерген. Көрнекі жерлерге «Жеңіс жалауы» көптеп ілінген. Көше бойларынан, жол жиектерінен «Ерлікке тағзым», «Жеңіске 70 жыл» деген жазуларды жиі кездестіресіз. Ал, сауданың көркін бұл күні жауынгердің жасыл дорбасы мен пилоткасы қыздырып тұр. Әрине, көптің назары «Жеңіс шеруінде». Шартараптың қиыр-қиырынан шараны тамашалауға шамамен 80 мың адам келген. 30-ға жуық мемлекеттің басшысы осында. Мәртебелі меймандардың бірі – Елбасымыз, Нұрсұлтан Назарбаев. Парад майданда қаза болған жауынгерлерді бір минуттық үнсіздікпен еске алудан басталды. 

 

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті  

- Бұл жеңіс баршамызға ортақ. Мерекені тойлау арқылы біз достық қарым-қатынасымызды нығайтамыз.

 

Бауыржан Бақытбекұлы, тілші 

- Шамамен 200-ге тарта техника бірлігі, 16 мыңнан астам жауынгер, әскери авиацияның 21 түрлі техникасы. Мәскеу түбіндегі Алабино полигонында, дәл осы Қызыл алаңда 27 сәуірден бері бұл құрам күн демей, түн демей жаттықты. Әр техниканың жылдамдығы, әрбір жаяу әскердің басқан қадамына дейін есептелген. Нәтижені өздеріңіз көріп тұрсыздар. Дәлдік пен теңдікте қапы жоқ. 

 

Салтанатты шеру екі бөлімнен тұрады. Әуелі алаңмен соғыс кезіндегі техника және сол жылдардың киімін киген жауынгерлер сап түзеп өтті. Ізін ала жиналған жұрттың назарына бүгінгі әскердің әлеуеті паш етілді. РС-27 зымырандық кешендері, дәлдігі зор артиллериялық қондырғылар мен Су-30, Су-35 секілді ультра-заманауи ұшақтар. Тізе берсеңіз биылғы парадтың жаңалығы көп. Негізгісі – «Армата» танкі. Бұл модель жаудың күшін 70 шақырым қашықтықтан оққа орай алады. Ресей жауынгерлерінен бөлек, парадқа Қазақстан, Әжербайжан, Беларусь, Қытай, Сербия бастаған он елдің әскерилері қатысты. Көк байрағымызды қызыл алаңмен еліміздің Құрлық әскерлері әскери институтының курсанттары алып өтті. Шеруді тамашалауға келгендердің арасында Қазақстаннан арнайы шақырылған ардагерлеріміз де бар. 

 

Қаратай Төлебеков, ҰОС ардагері 

- Әр жауға атылған он оқтың тоғызы жауға кетті. Ал енді қазақстандықтар халықтың санына салғанда Кеңес Одағынан батырлардың көп шыққаны қазақтар. Біздің батырларымыз – Әлия, Мәншүк. Содан кейін ең жас Совет Одағының  батыры Талғат Елеусізов он сегіз жастағы. Ал енді көкірегімен жаудың отын жапқан Матросов шықты деп қанша айқалады. Ал енді сол көкірегімен жаудың отын жапқан қазақтан тоғыз адам. 

 

Ахат Бекмәді, ҰОС ардагері 

- Осыған біз жеткеніміз үшін тағдыр бізге осыны қосқаны үшін жасымыз 90-нан  асса да, осыны көруге тағдырдың жазғаны үшін бір Аллаға ризашылығымызды білдіреміз. Кейінгі біздің ұрпақтар ақылды болсын, бақытты болсын. Ел үшін халық үшін қызмет етсін. Қазақстанның абыройын көтере берсін. Еліміз аман болсын, аспанымыз ашық болсын. Мыңдаған жылдар көк туымыз көк аспанда желбірей берсін!

 

Ал бұл – жергілікті жұрт «Манеж» атап кеткен Орталық көрме ғимараты. Халықаралық баспасөз орталығы осында орналасқан. Шеруді әлемнің бірнеше ондаған елінен келген ақпарат өкілдері осы жерден трансляциялауда. Сондықтан парадты бір мезетте дүние жүзінің миллиондаған азаматтары тамашалады деуге толық негіз бар. Бұл орынды да. Себебі Жеңіс мерекесі фашизмді талқандаған бұрынғы Кеңес үкіметі елдеріне ғана емес, бейбіт заманды қалайтын барлық азаматқа ортақ мейрам. 

 

Шерудің ізін ала Президенттер қызыл алаңдағы белгісіз солдаттың қабіріне барып, гүл шоқтарын қойды. 1966 жылдан бастап дәстүрге айналған бұл рәсім – ұрпақ үшін жанын берген батыр бабаларға тағзым етудің бір үлгісі. Осы жерде президенттер бірлескен фотоға түсті.  Бұл естелік суреттің құндылығында сөз жоқ. Себебі «Жеңістің 70» жылдығына арналған парад ауқымымен, бірегейлігімен тарих беттерінде қалатыны даусыз.

 

Авторлары: Бауыржан Бақытбекұлы, Еділ Ермекбаев, Хасен Омарқұлов, Алмас Омарғалиев және Руслан Жәкеев.

 

ҰЛЫ ЖЕҢІСТІҢ 70 ЖЫЛДЫҒЫ ЕЛІМІЗДІҢ БАРЛЫҚ ӨҢІРІНДЕ АЙРЫҚША СӘН-САЛТАНАТПЕН ӨТІП ЖАТЫР. ОТАН ҮШІН ОТ КЕШІП, ОМЫРАУЫН ОҚҚА ТОСҚАН ЕРЛЕРДІҢ ЕСІМІН ҰЛЫҚТАҒАН ҰЛАҒАТТЫ ЖИЫН  БҮГІН АЛАТАУ БӨКТЕРІНДЕГІ АЛМАТЫДА АЛДЫМЕН 28 ГВАРДИЯЛЫҚ-ПАНФИЛОВШЫЛАР САЯБАҒЫНАН БАСТАУ АЛДЫ. ҚАН МАЙДАНДА ҚАСЫҚ ҚАНЫ ҚАЛҒАНША АЙҚАСЫП, ЖАНЫН ПИДА ЕТКЕН ЖАСАМПАЗ ЖАУЫНГЕРЛЕРДІҢ РУХЫНА ТАҒЗЫМ ЕТКЕН ЕЛ-ЖҰРТТА ЕСЕП БОЛҒАН ЖОҚ. АЛДЫҢҒЫ ТОЛҚЫН АҒА ДА, БАЛҒЫН БАЛА ДА БАТЫР БАБАҒА БАС ИІП, ДАҢҚ МЕМОРИАЛЫНДАҒЫ «МӘҢГІЛІК АЛАУҒА» ГҮЛ ШОҚТАРЫН ҚОЙДЫ. 

 

Жеңістің 70 жылдығы шырайлы Шымкентте де «Мәңгілік полк» шеруімен басталды. Жасыл көрпеге оранған өлкеде мыңдаған адамдар  айқара мылтық асынып майданға аттанған атасының, бақилық болған бауырының суретін мақтанышпен алып өтті. «Даңқ» мемориалы басында батырлар рухына тағзым еткен халықтың да қарасы қалың болды. 

 

Тарихы бай Таразда да тағылым алар тартымды шаралар аз болған жоқ. Достық алаңына ағылған жұрт әскери сипатта әспеттелген сахналық қойылымдарды тамашалады. Гарнизонның сақадай сайланған сарбаздары әскери айбын- айбатын, кәсіби қажыр-қайратын байқатты. Бүгінде 90-ның төріне шыққан 239 соғыс ардагерінің 122-сі Таразда тұрады. Білегі мықты, жүрегі түкті жас жауынгерлердің жаттығуын көрген олар елге қорған болар ерлердің барына шүкір десті. Жеңістің 70-ші көктемі Орал қаласында Ақ Жайық жағасында да өткенге салауат, ертеңге аманат етуден басталды. Абай алаңында ардагерлерге арналған мерекелік концерт кешке дейін өтіп, соңы отшашуға ұласпақ. Ұлы Отан соғысына 76 мыңнан астам батысқазақстандық қатысыпты. Соның тең жартысына жуығы сол зұлмат соғыста шейіт болды. 

 

Ал Атырауда бүгінде көзі тірі 80 ардагер қалыпты. Жеңістің 70 жылдық мерейтойы құрметіне орталық саябақ аумағынада «Еске алу» аллеясы ашылды. Қан майданда қаза тапқан атыраулық ерлердің есімдері мәрмар тастарға қашап жазылған. Еліміздің өзге өңірлерінде өткен шарапаты мол шаралар да «Мәңгілік еліміздің» тарихына тайға таңба басқандай жазылып қалары хақ. Өйткені «Ер есімі ел есінде!».

 

«БҮГІНГІ ҰРПАҚ ҰЛЫ ЖЕҢІСТІ АЛЫП БЕРГЕН АҒА БУЫН АЛДЫНДА ӘРҚАШАН ҚАРЫЗДАР». ЕЛБАСЫ  ОТАН ҚОРҒАУШЫ КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА ҚАРТ МАЙДАНГЕРЛЕРГЕ ДЕГЕН РИЯСЫЗ АЛҒЫСЫН ОСЫЛАЙ ЖЕТКІЗДІ. МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ КЕЗЕКТІ ЖОҒАРЫ ӘСКЕРИ ЖӘНЕ АРНАЙЫ АТАҚТАР МЕН СЫНЫПТЫҚ ШЕНДЕР ТАПСЫРДЫ. СҰРАПЫЛ СОҒЫСТА ЕРЛІК КӨРСЕТКЕН БАТЫРЛАРҒА ДА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ. НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ МЕН ТЫЛ АРДАГЕРЛЕРІНЕ МЕМЛЕКЕТТІК НАГРАДАЛАР ТАБЫС ЕТТІ. ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ТӨЛ МАРАПАТТАРЫ  ӘСКЕРИ, ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ АРНАЙЫ ОРГАНДАР ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ДЕ БЕРІЛДІ. ТАҚЫРЫПТЫ НҰРБЕК ӘМИША ТАРҚАТАДЫ. 

 

Ел басына күн туса, Отан үшін отқа түсер сарбаздар баршылық біздің елде. Рухы асқақ батыр бабалардың ұрпағы. Солардың бір тобы Ақорданың «Мәрмәр» залына жиналды. Бұл мамыр мейрамдары қарсаңындағы дәстүрлі кездесу. 

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті 

- Б.Момышұлының «Еліңді сүймей ерлік істей алмайсың» деген сөзі бар. Сондықтан сендерді патриоттар деп санаймын. Сіздер мінсіз қызмет ете отырып, жас ұрпаққа Отанды сүюдің үлгісін көрсетесіңдер. Ел алдындағы бұл қызметті мемлекет жоғары бағалайды. 

 

Мемлекет ерен ерлерінің еңбегін елеп-ескерді. Елбасы олардың бір сыпарысына жоғары әскери және арнайы атақтар тапсырды. 

 

«Отанға мінсіз қызмет етіп жүрген бұл азаматтардың басым көпшілігі генералдық шенге ие болды. Қай-қайсысы да мұндай атаққа лайық», – деді елбасы. Бастысы, бұл барша әскерилерге көрсетілген құрмет. Абыройы асқақтағанмен, жауапкершіліктің де жүгі ауыр. Нұрсұлтан Назарбаев жаңа атақ алғандардың Отанға лайықты қызмет ететініне сенім білдірді. «Ақтаймыз», – дейді әскерилер! 

 

Мұхамеджан Таласов, ҚР ҚК бас штабы бастығының орынбасары

- Тәуелсіздігіміз тұрақты, мемлекетіміз қуатты болуына мәңгілік елдің нұрлы жолына әрдайым атақ үшін емес, Отан үшін, ел үшін, жер үшін, президент үшін қызмет етемін! 

 

Елбасы қолынан 10 шақты әскери және арнайы атақтар берілді. Сондай-ақ 3 сыныпты әділет мемлекеттік кеңесшісі сыныптық шені де тапсырылды. 

 

Генералдар шенін алғанша, бір топ соғыс ардагері Ақорданың «Салтанат» залында қауышты. Нұрсұлтан Назарбаев Отан қорғаудың шынайы үлгісін паш еткен батырларға ерекше құрмет көрсетті.

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

- Бүгінгі ұрпақ 70 жылдығы атап өтілетін Ұлы Жеңісті алып берген аға буынның алдында әр уақытта қарыздармыз! Мемлекет басшысы ретінде мен бүкіл ел атынан мың алғыс айтамын, ардақты ардагерлер! Біздің істеген ең үлкен балалық, немерелік жұмысымыз мынау Қазақстанның Тәуелсіздігі мен елдің табысы деп санаймын. Осыған қарағанда істеген еңбек, төгілген қан зая кетпеді деп сенетін шығарсыздар. Сол үшін біз жұмыс істеп жатырмыз!

 

Бұл ардагер-ақсақалдардың елге сіңген еңбегі орасан. Демек Жеңісті алып берген батырларға деген құрмет те лайықты болуға тиіс. Президент оларға «Барыс» және «Құрмет» ордендерін тапсырды. Марапатқа ие болғандардың қатарында Ұлы отан соғысымен бірге, тыл ардегерлері де бар.

Шаңкерей Жәнібеков, Ұлы Отан соғысының ардагері

- Ұлы Жеңістің 70 жылдығын қарсы алуға, қатынасуға мүмкіншілік алған бақытты соғыс ардагерлерінің сізге айтқан сөздерін мен шын жүрегіммен қосыламын. 

 

Сұлтан Жиенбаев, Ұлы Отан соғысының ардагері

- Өте разымыз. Президентіміз қолынан бізге наградасын тапсырды. Оған көп рахмет айтамыз. Неге десеңіз, ол біз сияқты ардагерлерді еш уақытта ұмытпайды. Ылғи бізге көңіл бөледі.

 

Меңжан Әбдірахманов, Ұлы Отан соғысының ардагері

- Елбасымызға мың-мың шүкірлік етіп жүреміз. Көп-көп рахмет. Барша Қазақстанның халқын жақсылыққа жеткізе берсін дегім келеді. 

 

Тәуелсіздіктің төл наградалары әскери, құқық қорғау және арнайы органдар қызметкерлеріне де берілді. «Даңқ», «Айбын» ордендері, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалдерін президент еңбегі ерен ерлерге табыстады.

 

Айгүл Шайымова, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аппарат басшысы

- Өзімнің атынан, барлық әріптестерімінің атынан елбасының жоғары сенімін ақтаймыз деп сенемін. 

 

Шекара қауіпсіздігі мен ел амандығын сенімді сарбаздар күзетіп тұр», – деді Елбасы. Ардагерлердің ұлағатын бойына сіңірген бүгінгі буынның шарқ ұрып, асақтайтыны хақ. Көреген басшысы, уйыздай ұйыған елі мен қайратты ері барда алынбайтын асу жоқ. 

 

Авторлары: Нұрбек Әмиша, Мұхтар Ыбырайым, Қанат Әбілдин.

 

АДАМҒА ЖАННАН ДА АРТЫҚ БІР ҚҰНДЫЛЫҚ БАР. ОЛ – ОТАН! ОЛ – ҚАРА ҚАЗАН, САРЫ БАЛАНЫҢ АМАНДЫҒЫ ҮШІН БАСТЫ БӘЙГЕГЕ ТІГУ. ОЛ – ЖАУ АЯҒЫН ШЕКАРАҒА ЖАҚЫНДАТПАЙ ҰСТАУ. БҰЛАЙ ТОЛҒАНУЫМЫЗДЫҢ СЕБЕБІ, КЕШЕГІ СҰМ СОҒЫСТА  ҚАНШАМА ОТАНДАСЫМЫЗ ОТҚА ОРАНЫП, ОПАТ БОЛДЫ. ҚАНШАСЫ ОҚҚА ҰМТЫЛЫП, ЖАН ҚИДЫ. БӘРІ ДЕ ЕҢ ТӘТТІ НӘРСЕ ӨЗ ӨМІРІНЕН ТУҒАН ЕЛІН АРТЫҚ КӨРГЕСІН ҚАНЫН ТӨКТІ.  ОТАН ҚОРҒАУШЫ КҮНІ ҚАЗАҚ ЕЛІ АЛАҢЫНДА ЕГЕМЕНДІ МЕМЛЕКЕТТІҢ ӘЛЕУЕТТІ ӘСКЕРИ ПАРАДЫН ТАМАШАЛАЙ ОТЫРЫП, БІРАЗ ОЙ ТҮЙДІК. АНТЫНА АДАЛ АРМИЯ, ТЫНЫШТЫҒЫМЫЗДЫ КҮЗЕТКЕН, АТА ДӘСТҮРДІ САҚТАП,  ЕЛІ МЕН ЖЕРІН ӨЗ ЖАНЫНАН АРТЫҚ КӨРЕТІН ӘСКЕРИ РУХ КӨРДІК АЛАҢНАН. ЖУРНАЛИСТ МҰХТАР ЫБЫРАЙЫМ ОТАН ҚОРҒАУШЫ КҮНІ МЕН ҰЛЫ ЖЕҢІСТІҢ 70 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ӘСКЕРИ ШЕРУГЕ ШОЛУ ЖАСАЙДЫ. 

 

Бұл елімізде ұйымдастырылған ең ауқымды парад. 5 мыңға жуық әскери қызметші, 200 шамасында қару-жарақ пен әскери техника және әскери авиацияның 70 бірлік ұшағы мен тікұшағы. Қатысушылардың рекордтық саны тартылды. Сарбаздар Қазақ елі алаңына көк байрақпен бірге жеңісің қызыл туын алып шықты әуелі. Бұл Рақымжан Қошбарбаев Рейхстагқа тіккен тудың дәл көшірмесі.

 

Сарбаздар сап түзеп Елбасын салтанатты түрде қарсы алды. Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы парад автокөлігімен әскерилер сапын аралап, парадтық есептоптарға амандасты. Биыл Қазақстан әскерінің құрылғанына 23 жыл толып отыр. Бүгінде ол кәсіби сарбаздар мен заманауи жарақтардан тұратын айбынды армияға айналды деді елбасы.

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

- Біздің әскеріміз ұлан-ғайыр жеріміздің әрбір қадам жерін қапысыз қорғауға қабілетті. Біз бабалардың ерлік жолын қасетрлеп, елдік жолын жақтаған ұрпақпыз. Қанымызға сіңген қастерлі борышты антына адал ерлеріміз қазір де абыроймен атқаруда. Сіздердің қызметіңіз Тәуелсіздігіміздің және халқымыздың болашаққа сенімінің кепілі. 

 

Парад Отан қорғаушы күні мен Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналды. Сондықтан тарихқа тағзым етіп, Ұлы Жеңісті ұлықтаум – басты мақсат. Сұрапыл соғысқа 1 млн 200 мың жерлесіміз аттанып, тең жартысы майданда қаза болды. 500-ден астам қазақстандық жауынгер Кеңес Одағының батыры атанды. Бұл Жеңіске қазақ елінің қосқан үлесі зор. 

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

- Әскерлеріміз ерлігімен, аналарымыздың еңбегі ұрпақ жадында мәңгі сақталады. Біздің жеңістеріміздің тарихы патриотизм, ел бірлігінің нағыз үлгісі. Біз Ұлы Жеңісті мәңгі ұлықтап өтетін боламыз. Айбынды армиямыз жасасын, Қазақстан жасасын! Ура! 

 

Салтанатты парад жаяу тізбектер шеруінен басталды. Көш басында Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас Ұлан» республикалық мектебінің барабаншылар ротасы. Олардың артынан Ұлы Отан соғысы кезіндегі киім үлгісін киген парадтық есеп-топтар адымдады. Биылға парадтың ерекшелігі де сонда. Құрамында біздің жерлестеріміз соғысқан 72 гвардиялық атқыштар дивизиясының жуынгерлік туының көшірмесін желбіретті олар. 

 

Жігерлі жауынгерлер мен сайыпқыран сарбаздар. Бүгінді айбынды армияның мерейін үстеп етіп, ел тыныштығын күзетіп жүр. Олардың бірсыпырасы салтанатты сапта. Парад көрермендері аэроұтқыр әскерлері, теңіз жаяу әскері, бітімгерлік күштердің, әскери қызметші қыз-келіншектерден құралған роталардың және әскери полицияның шеруін тамашалады. 

 

Сардарлардың шеруінен соң алаңға соғыс жылдары қолданылған танктер мен жауынгерлік машиналар аялдады. Тарихи бөлімдегі техникалар тізбегінде Т-34 танкі топ бастап тұр. Аты аңызға айналған «Катюша» мен танымал «Максим» пулиметі де парадтық тізбектің құрамында. 

 

Жауынгерлер қазақ армиясының бүгінгі қауқарын да танытты. Соңғы жылдары әскер сапына алынған техникалар алаңға бет алды.  Т-72Б – танкілердің мықтысы. Өзінің негізгі қасиеттері бойынша ең үздік әлемдік стандарттарға жауап береді. Оның артынан зенитты-зымыран кешендері, жауынгерлік машиналар, БТР-82 бронитранспортерлер, броньді көліктер, жауынгерлік барлау көліктері мен басқа да заманауи техникалар өтті. 

 

Ендігі кезек әуе күштерінде. Алдымен тікұшақтар Астана аспанында қалықтады. МИ-17 мемлекеттік туды тура алаң үстінен алып ұшты. Авиашоуды майдандық, әскери-көліктік және армия авиациясының тікұшақтары мен ұшақтары жалғастырды. Ми-8, Ми-17, Ми-26 мен отандық Еврокоптер тікұшақтары, Су-27, Ту-134 пен Ан-72 сияқты бірқатар ұшақтар зымырады. МиГ-29 майдан жойғыш ұшақтары мен Су-25 жойғыштар тобы өз ретін - Жеңістің 70 жылдығын білдіретін дата түрінде құрған.

 

Парадты елорда тұрғындары мен қонақтары тамашалады. Еліміздің  түкпір-түкпірінен Ұлы Отан соғысының ардагерлері де арнайы келіпті. Алған әсерлері зор. 

 

Александра Фазулова, Ұлы Отан соғысының ардагері 

- Парад жақсы өтті. Тамаша! Алла Тағала жаманшылық көрсетпесін, соғыс болмасын, жақсылық болсын, татулық, бірлік болсын. соғыстың керегі жоқ. 

 

Ақан Досмағамбетов, тыл ардагері 

- Мына жердегінің барлығы бұрынғы әскердің уақытындағы техникалардан өзгеше. Жақсы барлығы. Осыны ұйымдастырып, біздің басшыларымыз осылай жасап жатқанына рахмет айтамыз. Бүгінгі 70 жылдық құтты болсын!

 

Алмат Жамиев, Астана қаласының тұрғыны

- Қазақстанға деген сеніміміз артып, қаншама Қарулы Күштерді көрдік. Солардың барлығы Отан қорғауында тұр. Соған өте қуаныштымыз. 

 

Отандық армия қауқарын көрсетті. Ел шетіне жау келсе төтеп беретін жауынгері, заманауи техникасы сақадай сай екен. Елбасы айтқандай, тәуелсіздік, бейбітшілік пен тұрақтылық – ең қымбат құндылық. Ал оларды қорғау әскерилерге жүктеліп отыр. Бұл үміттің ақталарына ел сенімді.

 

Авторлары: Мұхтар Ыбырайым, Қанат Әбілдин, Хасен Омарқұлов және Алмас Омарғалиев.

 

ҰЛЫ ЖЕҢІСТІҢ 70 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ «ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАР» МОНУМЕНТІНЕ ГҮЛ ШОҒЫН ҚОЮ РӘСІМІНЕ ҚАТЫСТЫ. МӘҢГІЛІК АЛАУДА САЛТАНАТТЫ ҚАРАУЫЛ САП ТҮЗЕДІ. ЕШКІМ ДЕ, ЕШ НӘРСЕ ДЕ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ! ҚАНДЫ МАЙДАН ТАЛАЙ ЕЛДІҢ ҚАБЫРҒАСЫН ҚАЙЫСТЫРЫП, ТАЛАЙ ЕРДІ МЕРТ ҚЫЛДЫ. СОНДЫҚТАН КӨЗІ ТІРІ МАЙДАНГЕРЛЕР СОЛ ҮЗЕҢГІЛЕСТЕРІН ЕСКЕ АЛЫП, САРБАЗДАРДЫҢ РУХЫНА ТАҒЗЫМ ЕТТІ. ШАРАҒА 10 МЫҢҒА ТАРТА АДАМ ҚАТЫСТЫ. АРДАГЕРЛЕРІН АРДАҚТАДЫ ҚАЛЫҢ ЖҰРТШЫЛЫҚ. ЕЛБАСЫ БАРША ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫ ЖЕҢІС КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ. 

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

- Біз жеңген бабалардың ұлдарымыз. Сол әкелеріміздің, аталарымыздың арқасында мінекей 70 жыл бойы біз бейбіт өмір сүріп келе жатырмыз. Ешқашан оны ұмытпау керек. Солардың жеңісі. Сондықтан әр уақытта құрметтеп жүру керек. Тек қана мерекеде ғана емес, жай күндері жастарымыз ақсақалдарды көрсе, ардагерлерді көрсе, соларға көңіл бөліп, соларға көмектесіп, қолпаштап жүру керек. Осыны ұмытпаса екен деймін. Барлық қазақстандықтарды осы мерекемен құттықтап, әсіресе ардагерлерге зор денсаулық тілеймін. Біздің арамызда жастарға өнегесін көрсетіп жүре берсін деп тілек білдіремін!  

 

Ғұмыры ерлік пен өнегеге толы соғыс және еңбек ардагерлерінің біразы  елбасымен пікірлесті. Мерейтойда Қазақстанның барлық түкпірінен арнайы жиналды. Қазіргі таңда олардың барлығы мемлекет қамқорлығында. Қариялар алғысын айтып, құттықтау лебіздерін де ортаға салды.  

 

Әлібек Түсіпәлі, Ұлы Отан соғысының ардагері

- Бүгін мына гүл шоғын қоюға келіп отырмыз. Өте жақсы. Егеменді Қазақстанымыз жасай берсін. Еш уақытта қиындық болмасын, жастар бақытты өссін. Соғыс болмасын! 

 

Орынғали Қарасаев, Ұлы Отан соғысының ардагері

- Патриоттық тәрбиеге өте мән беріледі. Сол ата-бабаның ерлігін насихаттау, солардың рухында жастарды тәрбиелеу біздер, ардагерлердің негізгі мақсатымыз деп есептейміз. Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын! 

 

ЕРЛІК ЕСКЕРІЛСЕ ҒАНА ЕСКІРМЕЙДІ! БЕЙСЕНБІ КҮНІ АСТАНАДА ОСЫ БІР СӨЗДІҢ ДӘЛЕЛІНДЕЙ ОҚИҒА БОЛДЫ. ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАР КҮНІ ЕЛОРДА ТӨРІНЕН ГЕНЕРАЛ-МАЙОР ИВАН ПАНФИЛОВТЫҢ ЕСКЕРТКІШІ АШЫЛДЫ. ҚАЛАНЫҢ ҚАҚ ОРТАСЫНДАҒЫ «ЖЕРҰЙЫҚ» САЯБАҒЫНДА ОРЫН ТЕПКЕН БЕДЕРЛІ БЕЙНЕМЕН БІРГЕ МӘСКЕУДІ СҰРАПЫЛ СОҒЫСТА ҚОРҒАП, ЖАНДАРЫН ПИДА ЕТКЕН 28 БОЗДАҚТЫҢ ДА МЕМОРИАЛДЫҚ ТАҚТАСЫ СӘУЛЕТТІ КЕШЕНГЕ СӘН БЕРІП ТҰР. ИДЕЯ АВТОРЫ – ЕЛБАСЫНЫҢ ӨЗІ. ӨТКЕН ЖЫЛЫ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ 21 СЕССИЯСЫНДА МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҰЛЫ ЖЕҢІСТІҢ 70 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ ҚАҺАРМАН КОМАНДИРГЕ АРНАП ЕСКЕРТКІШ ҚОЮДЫ ТАПСЫРҒАН ЕДІ. ЕСКЕРТКІШТІҢ, САРДАРДЫҢ СОҒЫСТАҒЫ СЕРІГІ БОЛҒАН БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ МЕН ЖЕҢІС ТУЫН ЖЕЛБІРЕТКЕН РАХЫМЖАН ҚОШҚАРБАЕВ КӨШЕЛЕРІНІҢ ЖАНЫНДА ОРНАЛАСУЫ ДА ТАРИХИ ҺӘМ АДАМИ ӘДІЛЕТТІЛІК. БИІКТІГІ 2 ЖАРЫМ МЕТР, ҚОЛАДАН ҚҰЙЫЛҒАН ХАС БЕЙНЕНІҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫН СӨЗ ЕТКЕН ЕЛБАСЫ: «БҰЛ ЕСКЕРТКІШ ТЕК ҚАНА БІР ДИВИЗИЯ ҮШІН ҒАНА ЕМЕС, СОҒЫСҚА АТТАНҒАН БАРЛЫҚ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ҚҰРМЕТІНЕ ҚОЙЫЛҒАН БЕЛГІ», – ДЕДІ. 

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті 

- Генерал Панфиловқа қойылған ескерткіш бүкіл еліміздің соғысқа қатысқан батырларына қойылған ескерткіш деп санау керек. Қазақстаннан шыққан көп жауынгерлердің көбісінің Совет Одағының батыры атағын алғанын білесіздер. Қанша халықтың барғанын да білесіздер. 1 млн 200 мың қазақстандық соғысқа аттанып, жартысы қайтпай қалды. Ол сол кездегі халқымыздың 20 проценті еді. Сондықтан фашизмге қарсы соғысып, бүгінгі еліміздің берекесіне, бірлігіне көп үлес қосты.

 

Ұрпаққа ұлағат боларлық істің ұйытқысы Елбасы ардагерлерді де мерекемен құттықтап, оларға мемлекет тарапынан қамқорлық шаралары жасала беретінін айтты. Айтулы күннің қос қонағы – Панфиловтың жиендері Айгүл мен Алуа аталарының атын айшықтап, оның есімін мәңгілік есте қалдыру үшін қыруар еңбек еткен Мемлекет  басшысына алғыстарын білдірді. 

 

Алуа Байқадамова, И.В.Панфиловтың жиені  

- Мерекемен құттықтаймын. Президентке, Елбасына үлкен рахмет. Қуаныштымын!

 

ЕРЛІК ЕЛГЕ МҰРА, ҰРПАҚҚА МИРАС. ЖЕҢІСТІҢ 70 ЖЫЛДЫҒЫ ҚАРСАҢЫНДА «ХАБАР» АГЕНТТІГІ БАСТАҒАН «ЖЕҢІСКЕ ҚҰРМЕТ!» АТТЫ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АКЦИЯСЫ СӘТТІ ЖАЛҒАСЫН ТАПТЫ. АГЕНТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ЖҰМЫЛА АТСАЛЫСЫП, БІРКҮНДІК ЕҢБЕКАҚЫЛАРЫН ҮЛКЕН ҚҰРМЕТПЕН, РИЯСЫЗ ЫҚЫЛАСПЕН ҚОРДЫҢ ЕСЕПШОТЫНА АУДАРДЫ. БІР АЙДЫҢ ІШІНДЕ БІЗДІҢ ӨҢІРЛЕРДЕГІ ТІЛШІЛЕРІМІЗ 50-ДЕН АСТАМ АРДАГЕРДІҢ ШАҢЫРАҒЫНА БАРДЫ. ХАЛ-ЖАҒДАЙЫН СҰРАП, ҚАРИЯЛАРДЫҢ ТІЛЕГІН ОРЫНДАУҒА ТЫРЫСТЫ. ОЛАРДЫҢ ҚАЛАУЫНА САЙ ЕРЕКШЕ ТАРТУ ЖАСАУДЫ ҰЙҒАРДЫ. СОҒЫС ТАУҚЫМЕТІН ТАРТЫП, ОТАН ҚОРҒАУ ЖОЛЫНДА АЯНБАЙ ҚЫЗМЕТ ЕТКЕН СОҒЫС ЖӘНЕ ТЫЛ АРДАГЕРЛЕРІНІҢ ЕРЛІГІ ЖАУЖҮРЕК ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ ШЫН БОЛМЫСЫН ТАНЫТТЫ. ҚАН МАЙДАННЫҢ ОТТЫ ЕСТЕЛІКТЕРІ ОЛАРДЫҢ ЖАДЫНАН ӨШКЕН ЖОҚ. ЖҮРЕКТЕРДЕ АУЫР ҚАЙҒЫНЫҢ ІЗІ ҚАЛДЫ. ҚАРТ ЖАУЫНГЕРЛЕРДІҢ ТІЛЕУІ – БІР. ЕЛДІҢ АМАНДЫҒЫ, ТЫНЫШТЫҒЫ МЕН БІРЛІГІ. СІЗ БЕН БІЗ ҮШІН ОЛАР ЖАЗЫЛМАҒАН ДАСТАН ІСПЕТТІ. ӘРҚАЙСЫСЫНЫҢ СҰРАПЫЛ ЖЫЛДАРДАҒЫ ТАҒДЫРЫ, КӨРГЕН АЗАПТЫ КЕЗЕҢДЕРІ  ЖАНҚИЯРЛЫҚ ЕРЛІККЕ ҺӘМ ӨЛШЕУСІЗ ҚҰРМЕТКЕ ЛАЙЫҚ. АСТАНАДА БАСТАУ АЛҒАН ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ШАРА ЕЛІМІЗДІҢ БАРЛЫҚ АЙМАҚТАРЫН ҚАМТЫДЫ. ЖЕҢІС КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА ЕЛОРДАДА МЕРЕКЕЛІК КОНЦЕРТ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ. АЛ БҮГІН АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДАҒЫ ЖАМБЫЛ АУДАНЫНЫҢ ҚАСТЕК АУЫЛЫНДА МЕМОРИАЛДЫ ЕСКЕРТКІШ ОРНАТЫЛДЫ. «ЖЕТІ КҮН» ТІЛШІСІ БАҒДАТ БЕКТҰРҒАНҚЫЗЫ ЖАЛҒАСТАРАДЫ.

 

Бізге бұл көріністер кино көргендей әсер қалдырады. Ал соғыстан қайтқан сарбаздар үшін қантөгіс шынайы өмір, тағдыр белесі.   

Асанбай Әбдірахманұлы, Ұлы Отан соғысының ардагері  

- 1 сағатта 60 снарядқа дейін атамыз.

 

Сейтқасым Боранқұлов, Ұлы Отан соғысының ардагері  

-Соғыста біз аман қаламыз деп ойлаған жоқпыз.  

 

Липат Семин, Ұлы Отан соғысының ардагері  

- Мен тірі қалдым. «Қырық жыл соғыста болсаң да, ажалы жеткен ғана өледі» деген осы. 

 

Жеңістің жетпісінші көктемінде «Хабар» агенттігі батырлар ерлігін ұлықтауда игілікті іске бастамашы болды. Ұлттық музеймен бірлесіп ұйымдастырылған республикалық қайырымдылық акциясы бір айда еліміздің барлық аймағын қамтыды.   

 

Раиса Ахметова «Хабар» Агенттігі» АҚ кәсіподақ ұйымының төрайымы 

- Біз бұл жұмысқа алдын ала кірістік. Тілшілеріміз өңірлердегі ардагерлермен кездесті. Оларға қандай тарту жасау керектігін де зерттеді. Ардагерлердің қалаған сыйлықтарын алып беріп, қуантқымыз келді. Тоңазытқыш, теледидар сынды тұрмыстық бұйымдар сыйладық. Мәселен, Атыраудағы «Фронтовички» хор ұжымына Тулада жасалған сырнай аспабы қажет екен. Біз Туладағы зауыттан арнайы тапсырыспен алдырттық.  

 

Анна Захарова, Ұлы Отан соғысының ардагері, хор жетекшісі

-  «Хабар»  агенттігі біздің хордың көпшілікке танылуына өлшеусіз үлес қосып келеді. Еліміздің басты арнасы тарту еткен сыйлыққа ерекше алғыс айтамыз. Бұл сырнайдың үні тәуелсіз елдің аспанын жорық жырларымен тербейтін болады 

                           

Виктория Загаевская, ардагердің шөбересі 

-Менің атам Алексей соғыста жүргізуші болды. Осындай көлікпен снаряд тасыған. 16 жасында қан майданға аттанды. Мен оны жақсы көремін әрі мақтан тұтамын. 

 

Жасы тоқсанға таяған қарт жауынгердің денсаулығы сыр бергелі біраз болыпты. Әйтсе де ерекше әзірлікпен тосын сыйын ала барған біздің тілшілерімізді өзі қарсы алды. Құрметке риясыз алғысын жеткізуге әрі естелік әңгімесін айтуға асықты. 

 

Алексей Ситников, Ұлы Отан соғысының ардагері

 - Мынау біздің бөлімше. Менің майдандас достарым. Осы суретке әрқайсысы өзінің аты-жөнін жазып қалдырды. Ешкім бөлінбей, бір-бірімізге тіреу болдық. Бұл – менің «Полуторкам». Соғыста осы көлікпен жүрдім.

 

Майдангер қазір қызының қолында тұрады. Ұрпақтарының ықыласына дән риза. Кездесуде сұрапыл жылдарды күрсіне еске алып, соғыс әндерін бірге шырқады.  

 

Ал бүгін Алматы облысы Жамбыл ауданының Қастек ауылында ардагерлер аллеясы ашылды. Жергілікті белсенді азаматтардың бұл бастамасына «Хабар» да атсалысты.  

 

Соғыс жылдары небәрі 80-нен астам түтіні болған бұл ауылдан 161 азамат майданға аттаныпты. Көбі елге оралмаған. Қазір көзі тірі екі ардагер тұрады. Соның бірі – Мұсахан Тулақов. 104 жастағы майдангерді бүгін Жеңіс күнімен біздің агенттік ұжымы да құттықтап, теледидар сыйлады.  

 

Бағдат Бектұрғанқызы, тілші 

- Амандық хат. Артық көруші анам, жолдастарым, қарындастарым.  Ол жақта сендер аман болсаңдар, менің денім сау, көңілім хош. Жұбан Бегімұлының 1943 жылы майдан даласынан жазған хаты осылай басталады. Сол жылы маусымның 10 күні түскен суреті де тұпнұсқалық күйде жақсы сақталыпты. 

 

Бұл «Жеңіске құрмет!» акциясы аясында ұлттық музейге тапсырылған тың мұрағаттың бірі ғана. Соғыс ардагерлерінің ерлігі мен ерен еңбегін дәріптейтін жүздеген фотоқұжат жинақталып, арнайы көрмеге қойылды.  

 

Зейін Әліпбек, «Білім және мәдениет» телеарнасы директорының орынбасары 

-Фотосуреттер «Хабар» агенттігінің сұрауы бойынша жұртшылықтан жиналды. Жұртшылыққа осындай соғыс жылдары түсірілген суреттерді жіберу жөнінде өтініш жасалған болатын. Бір ғана сәуір айында агенттікке жүзден астам осындай құнды фотосуреттер келді. 

 

«Хабар» арнасының тағы бір сыйы. «Бауыржан Момышұлы» көркем фильмі ұлттық мұражай қорына тарту етілді. 

 

Игі шара қорытындысы ән жырмен өрілді. Президенттік оркестр, Қазақстан эстрадасының белгілі  жұлдыздары өнер көрсетті. Қайғыдан қан жұтқан қара халық, сүйген жардан, жалғыз ұлынан айрылған ананың зары, әкесіз қалған жетімнің мұңы. Ерлік пен отансүйгіштікті, достық пен махаббатты дәріптейтін жорық жырлары тыңдарманды жылатты. Ал «Катюша» әні шырқалғанда батыр анамыз әншілермен бірге биледі.   

 

- Құсанова Шағила Әкімбайқызы – 1923 жылы 14 сәуірде 18 жасында майданға өз еркімен сұранған батыр қыздарымыздың бірі. 

 

Асылхан Бекбаев, Ұлы Отан соғысының ардагері 

- Мынау ардагерлерді осында шақырып, қарсы алып отырғанға қуанып отырмын. Неге десеңіздер, үлкен бабаларын сыйласа, еліміз тиыштықта болса, одан артық не керек?!  

 

Әзімбай Майриков, Ұлы Отан соғысының ардагері

 - Соғыс болмасын. Жастар өсіп өне берсін. Қазақстанымыз жылдан-жылға жоғары көтеріле берсін. Жақсылық болсын!

 

«Хабар» арнасы игі шараны жалғастыра түсуге ниетті. Бейбіт өмір, Жеңіс сыйлаған ардагерлерімізге қанша құрмет көрсетсек те парызымыз өтелмек емес. Қымбатты ардагерлер, жанқиярлық ерліктеріңіз бен ерен еңбектеріңіз үшін мың алғыс!

 

Авторлары: Бағдат Бектұрғанқызы, Ұлан Нарынбек Ерзат Зайытхан.

 

ӨТІП БАРА ЖАТҚАН АПТА ОСЫНДАЙ ОҚИҒАЛАРМЕН ЕСТЕ ҚАЛДЫ.