«Нұр Астана» мешіті
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен «Нұр Астана» орталық мешітінің құрылысы 2002 жылы басталып, 2005 жылғы 22 наурызда пайдалануға берілді. Жалпы сыйымдылығы – 10 мың адам.
Бұл мешіт Қатар мемлекетінің әмірі шейх Хамад бин Халифа әл-Тәнидің қайтарымсыз сый ретінде бөлген қаржысына тұрғызылды. Мешіттің жобасын ливандық сәулетші Чарльз Хафиза жасаса, құрылысының бас мердігері – Түркияның «Пасинер» компаниясы.
Есілдің сол жағалауындағы «Нұр Астана» мешітінің алтынмен апталған бас күмбезінің биіктігі 43 метр болса, одан өзге 25 кіші күмбезі бар. Мешіттің іргетасы бетоннан, қабырғасы пеноблоктан тұрғызылған. Ішкі қабырғалары жартылай табиғи мәрмәрмен көмкерілген.
Мешіттің биіктігі – 63 метр, төрт мұнарасы бар. Мешіт орналасқан жердің көлемі – 6,7 гектар. Төрт жолдың торабында орын тепкен ғибадатхананың жалпы алаңы – 3 631,5 шаршы метр.