Бейбітшілік және келісім сарайы
Бейбітшілік және келісім сарайы – Қазақстан жеріндегі бірлік пен достастықтың, бейбітшілік пен ынтымақтастықтың белгісі.
Елордада пирамида тәріздес сарайды салу – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясы. Жоба авторы – белгілі ағылшын архитекторы Норман Роберт Фостер.
Елордада пирамида тәріздес сарай бой көтерсе әрі онда түрлі ұлт, дін өкілдері бас қосып, барша адамзатты бейбітшілік пен жақсылыққа жетелейтін шешімдер қабылдаса деген идеяны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2003 жылы елордада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының І съезінде ұсынған болатын. Мемлекет басшысының идеясы съезге әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған түрлі конфессия көшбасшыларының үлкен қолдауын тапты. Әлемнің ең жас елордасы Нұр-Сұлтан қаласында 2006 жылы қайта қауышқан съезд делегаттары екінші басқосуын жаңа, бірегей ғимарат – Бейбітшілік және келісім сарайында өткізді.
Пирамиданың негізі – 62×62 метр, биіктігі – 62 метр. Ғимараттың сыртқы беті ішкі бейнені көрсететін әйнек және тас плиталармен қапталған, ал төбесі, яғни күмбезі – елімізде тұратын түрлі ұлт өкілдерін суреттейтін 130 ақ көгершін бейнеленген нағыз өнер туындысы атақты суретші Брайн Кларктың витражымен безендірілген.
Жаңа сарайдың салтанатты ашылу рәсімінде әлемнің классикалық музыкасының жарық жұлдызы Монсеррат Кабалье өнерін паш етті.
Сарай ішінде 1 302 орынға арналған Опера залы, Atrium салтанат залы, «Бесік» конференция залы, көрме алаңдары, «Құланшы» галереясы, баспасөз орталығы, Астана қаласының этникалық мәдени орталықтары, Халықаралық мәдениеттер мен діндер орталығы, Түркі әлемінің академиясы орналасқан.
2009 жылдың 13 шілдесінде Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қаулысына сәйкес «Бейбітшілік және келісім сарайы» Мемлекеттік коммуналды қазыналық кәсіпорны құрылды.
Сарай демалыс күндерінсіз жұмыс істейді. Экскурссиялар үш тілде – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде өткізіледі.