«Хан Шатыр» ОСО
«Хан Шатыр» – Нұр-Сұлтан қаласындағы ірі ойын-сауық және сауда-саттық орталығы.
Құрылысы 2006 жылы басталған ғимарат 2010 жылы 6 шілдеде елорда күніне орай ашылды.
Биіктігі 150 метр болатын бұл нысанның ішкі ауданы 100 000 шаршы метрді құрайды. Сәулетшісі – Норман Фостер.
«Хан Шатыр» – әлемдегі шатыр пішінді құрылыстардың ең орасаны және Қазақстандағы сауда орталықтарының ең үлкені. Ол бір шатырдың астында әлем деңгейіндегі ойын-сауық және сауда-саттықты біріктірген алғашқы лайфстайл орталық болып саналады.
Лорд Норман Фостердің қиялынан шыққан сәулет ғажайыбы – Орталық Азиядағы баламасыз әрі ең ірі архитектуралық жоба.
Бұл сауда және ойын-сауық орталығында ең үлкен қалалық бақ, ірі сауда орталықтары, кинотеатр, концерт залдары бар. Сонымен қатар ғимараттың барлық қабатында дәмханалар мен мейрамханалар орналасқан. Онда дүниежүзі асханаларының тәжірибелі аспаздары астаналықтар үшін тіл үйіретін дәмді ас дайындап, ұсынып келеді.
Орталықтың ішінен тропикалық бақтар, гүлзарлар, субұрқақтарды да көруге болады. Ал алтыншы қабатта жүзу бассейні, аквапарк және әмбебап, жабық жағажай орын алған. Осының нәтижесінде бұл орталыққа келген демалушылар құс жолы биіктігінен елорданың көрікті келбетін тамашалай алады. Балалардың да демалысы үшін биіктігі 4 және 7 метрді құрайтын су сырғанақтары жабдықталған.
Бұл ғажап құрылыстың салынуына барлық қала тұрғынымен қатар, әлемнің жетекші сауда компанияларының өкілдері де тағатсыздықпен зор қызығушылық танытты. Орталықта тиімді жалға беру, бутиктер мен дүкендерді орналастыру шеберлігі жіті ойластырылған. «Хан Шатыр» сауда орталығы елордадағы ең үлкен гипермаркетке айналды.
«Хан Шатыр» орталығында бірнеше кинотеатр көрермен үшін дүниежүзіне кеңінен танымал және әлемде шыққан соңғы жаңа фильмдерді ұсынып келеді.
Бұл құрылыс ғимараты орналасқан алаңда ғажайып шатырмен қатар 38 метр биіктіктегі мұнара орналасқан.