«Бәйтерек» монументі
«Бәйтерек» монументі – елорданың ең көрнекті ғимараттарының бірі.
Кешеннің сәулетшісі – Ақмырза Исаұлы Рүстембеков, ал инженер-құрылысшы – М.Вахштейн. Оның негізгі идеясы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың эскиз-нобайы негізінде өмірге келді. Ол бейбіт өмір мен келісімге ұмтылған барлық қазақстандықтың ғұмырлық мұратын білдіреді.
Сәулеттік мағынасы жағынан да, жасалуы жағынан да бірегей бұл «терек» әлемде бірінші рет диаметрі 22 метрлік және салмағы 300 тоннадан тұратын күннің түсуіне қарай түсін өзгертетін «хамелеон» әйнегінен жасалынған шар биіктігі жағынан рекордқа (әлемдегі ең үлкен шардың ең биікке көтерілуі бойынша) ие болды.
«Бәйтерек» нысаны үш бөліктен тұрады. Жерасты бөлігі ұлттың тамыр жаюы, ал одан кейінгілері өркендеу кезеңдерінің нышандарын білдіреді. Ең жоғарғы жағында «Аялы алақан» композициясы орын тепкен. Одан әрі қосымша түріндегі композиция өз негізінен бөлініп, жер бетіне қалықтап тұрғандай әсерге бөлейді. Ұшар басында алтын шар орналасқан. Осынау ғаламат шардың панорамалық залынан елорданың кешегі және бүгінгі сәулеті – «ескі» және «жаңа» көрінісін тамашалауға болады.
«Бәйтерек» кешенінде келушілердің демалып, асықпай отырып төңірегін көруге мүмкіндік беретін дәмханасы да бар. Нұр-Сұлтан қаласының орталығында көкке бой созып тұрған «Бәйтерек» қазіргі Қазақстанның нышан-символы, қазақ халқының қайта өрлеуі мен түлеуінің, мемлекеттілігінің, биіктік пен тереңдіктің, кеңдіктің белгісі, дархандықтың көрінісі іспетті. Ол – елорданың халық көп баратын жерлерінің бірі.
Бұл нысан әлемдік Сәулет өнерінің жоғары талаптарына толығымен жауап береді. Еордада Сәулетшілер одағының халықаралық қауымдастығы өткізген оныншы байқауда беделді халықаралық қазылар алқасының шешімімен 2002 жылғы ең таңдаулы жоба және құрылыс ретінде «Бәйтерек» кешеніне Гран-при үздік айырым белгісі берілді.